Политика

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ

Қазіргі Қазақстанда құқық қорғаушы органдардың жүйесіне ішкі істер министрлігі және жергілікті полиция қызметі (МПС) кіреді. Ұлттық гвардия сияқты Ішкі Істер Министрлігінің негізгі бөлімшелерінің басшылары мен ІІМ басшысын Қазақстан президенті бекітеді. Аймақтарда жергілікті полиция қызметінің басшысын әкімдер тағайындайды. Ал әкімдерді де елдің президенті тағайындайды. Осылайша, іс жүзінде Ақордадан тікелей басқарылатын жүйені көріп отырмыз. Енді, осылай тікелей бағынышты жүйеде, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудың орнына, Заңға қызмет істеудің орнына, полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардияның сарбаздары биліктің мүддесіне қызмет ететіні таң қалдырмайды. Біздің мақсатымыз, осы жағдайды түбегейлі өзгерту – Ішкі Істер Министрлігін парламенттің қадағалауына қою, жергілікті полиция қызметінің басшысын ашық сайлау арқылы бекіту.

Оған қосымша, біз министрліктің құрамынан оның бейімделмеген қызмет бөлімшелерін – Төтенше жағдайлар комитетін және жазаны орындау басқармасын алып тастаймыз. Бұл қадам ведомствоның бюджетін ашық етіп көрсетуге және полиция қызметкерлері мен мамандардың еңбекақыларын, оларды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде түбегейлі өзгертулер енгізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Қазақстанда полиция қызметкерінің орташа еңбекақысы 80 000 теңгені құрайды. (300 АҚШ долларынан шамалы кем). Полиция қызметкерлерінің басым бөлігінде баспана жоқ, олар әлеуметтік көмек алмайды. Осындай жағдай билік үшін өте тиімді, себебі полиция қызметкерлерінен құқық қорғаушы болуды талап етудің орнына, олардан айдағанға көнетін құлдарды жасауға мүмкіндік береді.

Салыстыру үшін әртүрлі елдердегі полиция қызметкерлерінің алатын еңбек ақыларын және оларға тиісті жеңілдіктерді алып қарайық. Америка Құрама Штатында полиция қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсететін тармақталған жүйе жұмыс істейді. Атақ лауазымына, еңбек сіңірген уақытына байланысты өсіп отыратын жалақы көлемін анықтайтын мөлшерлемесінен (ставка) басқа, ондағы полиция қызметкерлері мемлекет есебінен емделеді және киінеді. Қатардағы жай күзеттегі қызметкердің орташа еңбекақысы жылына 30 000 долларды құрайды (айына 2500 доллар). Түнгі және демалыс күндері жасайтын жұмыстары үшін полиция қызметкерлері үстеме еңбекақы алады. Сондай-ақ, олар үшін білім алуға көмек көрсететін және тиімді несие қорын беретін бағдарламалар жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, қатардағы полиция қызметкерінің жылдық табысы 50 000 мың долларды, офицерлер үшін 80 000 мың долларды құрайды. Соңғы жылдары Балтық елдерінің, Польша және Чехия сынды мемлекеттердің полиция қызметкерлері де жоғарғы еңбекақы ала бастады. Мысалы, Чехияда полиция қызметкерінің орташа еңбекақысы 1200 долларды құрайды. Олардың қоғамдық көліктерді пайдалануда жеңілдіктері бар және егер жұмыста зақым алатын болса, ол үшін сақтандыру қоры бар.

Біз өзіміздің реформаларымызды жоспарлағанда осы елдерді үлгіге алуымыз керек. Қазақстанда жалақы мөлшерлемесінің (ставка) көлемі қатардағы полиция қызметкері үшін 1000 доллар бағаламасында, лейтенанттың жалақысы 2000 доллар және дәрежесі жоғары офицерлердің еңбекақылары 3000-нан 5000 долларға дейін болуы қажет. Осымен қатар, бір айлық еңбекақы көлемінде қосымша сыйлық төленетін болады. Тиісті жұмыс уақыты мөлшерінен артық атқарған еңбегі үшін қосымша ақы төленеді. Және ерекше жұмыс жағдайына байланысты қосымша төлем төленеді.

БАСПАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Үй-тұрғын жайы жоқ қызметкерлер баспанамен қамтамасыз етіледі. Үй жай беруге мүмкіншілік болмағанда әр отбасы мүшесі үшін 20 m2 шаршы метр, ал жалпы отбасы үшін барлығы 100 m2 шаршы метрден аспайтын үй-тұрғын жайды оның жалға алған шығынын мемлекет қайтарып отырады. Қызметкерлерді өздерінің жеке баспанасымен қамтамасыз ету үшін арнайы ипотекалық бағдарлама қарастырылған. Бұл бағдарламаға жеке баспанасы жоқ, полиция қызметінде бір жылдан аса еңбек еткен барлық полиция қызметкерлері қатыса алады. Бағдарламаның шарттары: Бастапқы салым жарнасы жоқ, банк шығынын есептегенде жылдығына 5% пайыз көлемінде ипотека несиесін 20 жылға беру.

Тұрғын үй тұрғызудың бір шаршы метрі ірі қалаларда 16250 теңгеден аспайды (500 АҚШ доллары), ал кішігірім тұрғын мекен жайларында оданда төмен болады. Қызметкер пәтер алу үшін, әр отбасы мүшесіне шаққанда 20 m2 шаршы метрден келетін есеппен ипотекалық несиені рәсімдей алады.

САҚТАНДЫРУ

Барлық қызметкерлер сақтандыру бағдарламасына қатысатын болады. Сақтандыру бағдарламасы бастарына төнетін қауіп қатері бар арнай жұмыс жағдайына байланысты, полиция қызметкерінің немесе оның отбасының жұмсауға мәжбүр болатын барлық шығындарын қайтаруға мүмкіндік береді. Егер қызметкер еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда, мемлекет оның жалақысының 50% пайызын өмір бақи төлейді. Оған қосымша, мемлекет тағы да қосымша 160 000 теңге (400 евро) көлемінде, ең төменгі зейнетақы төлейді. Ал, егер полиция қызметкері мерт болса, оның жесірі жалақысының 80% пайызы көлемінде өмір бақи зейнетақы алатын болады.

БІЛІМ АЛУ

Қызметкерлер тегін білім алады және өзінің кәсіби білгірлігін мемлекет есебінен арттырады. Құқық қорғаушы органдағы қызметкерлердің балалары да жоғарғы және арнайы орта білімді тегін алады.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері барлық медициналық қызметтерді тегін алады, тіс протезін жасату (қажет болғанда) және жыл сайынғы аурудың алдын алу үшін жасалатын дәрігерлік тексеруді қосқанда. Сондай-ақ қызметкерлердің отбасы мүшелері (жұбайы мен балалары) поликлиникаларда медициналық қызметті тегін және кезекті ауруханада ем қабылдаулары тегін болады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ

Полиция қызметкерлері 55 жастан зейнет демалысына шыға алады, егер олар құқық қорғау органдарында кем дегенде 20 жыл қызмет еткен болса. Жалпы олар үшін үсті-үстіне жиналып отыратын зейнет қоры жұмыс істейді. Осы жиналған қордан басқа, оның үстіне мемлекет міндетті түрде ең төмен 160 000 теңге (400 евро) көлемінде балама зейнетақы төлейтін болады.

БАСҚА ЖЕҢІЛДІКТЕР

Полиция қызметкерлері үшін басқа да жеңілдіктер қарастырылған:
– баласын бала бақшаға немесе мектепке кезектен тыс орналастыру құқығы
– баласы үшін балалар бақшасы тегін болады
– қоғамдық көлікті тегін пайдалану

Қазақстанда осы көрсетілген реформаларды іске асыруға барлық жағдай бар. Жүргізілген реформа полиция қызметкерлерінің тұрмыс жағдайы мен олардың жұмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, полиция мамандығының беделін өсіріп, сый-құрметке лайық етеді.

Полиция қызметкерлері елдің заңдары мен Конституцияның сақшысы болады. Ал оларға қылмыстық бұйрық беретін бастық, табан асты жұмыстан қуылып, сотқа тартылатын болады.